скачанные файлы (2)Жәңгір хан 1628-1652 жж. билік құрған.

Салқам Жәңгір — туған жылы белгісіз, 1652 жылы қайтыс болған. Есім ханның ұлы. Ол хан тағына Есім хан өлген соң 1628 жылы отырды. Жәңгір хан бойы аласа, бірақ толық денелі кісі болған. Сондықтан да халық оны “Салқам Жәңгір” атап кеткен. Оның тұсында Батыр қонтайшы басқарып тұрған жоңғар-ойраттардың күшеюі байқалды. Олар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрды.

Жәңгір ханның билік еткен жылдары жоңғар феодалдарының қазақ жерін жаулап алуға жасаған үздіксіз жорықтар кезеңіне сай келеді. Кейбір мәліметтерге сәйкес Жәңгір ханның ордасы Түркістанға таяу маңда орналасыпты. Жәңгір хан Бұхар хандығымен одақтастық келісімге келіп, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Сонымен бірге, ол қырғыздармен де осындай қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұның бәрі жоңғар шабуылынан қорғану мақсатынан туып еді. Дәл осы кезеңде Қазақ хандығы мен ойрат жоңғарлары арасындағы қарулы қақтығыстар жиілей түсті. Екі жақтың басшылары көшіп-қонуға жайлы жерлер және Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтары үшін күрес жүргізді. Сол кезеңдегі тарихи мәліметтер бойынша, Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарларыарасында үш ірі шайқас болған:

  • 1. 1635 жылы
  • 2. 1643-1644 жылдар
  • 3. 1652 жылы

1635 жылғы шайқаста қазақ әскерлеріне Батыр қонтайшы бастаған жер қайысқан қалың қол қарсы тұрды. Бұл ұрыстың нақты нәтижелері жөнінде мәліметтер жоқ, бірақ шайқас кезінде Жәңгір ханның тұтқынға түсіп, біраз уақыттан соң қашып құтылғаны туралы деректер кездеседі. Сол кезден бастап Жәңгір хан жоңғарларға үнемі шабуыл жасап тұрады.

Екінші ірі шайқас 1643 жылы қыста Батыр қонтайшының қазақ жеріне шабуыл жасауынан басталады. Жоңғарлар Жетісу өңірінің үлкен бөлігін жаулап алып, он мыңға жуық адамды тұтқынға түсіреді. Жәңгір ханға көмекке 20 мың сарбазымен Самарқан билеушісі Жалаңтөс Баһадүр келеді. Жалаңтөс Баһадүр қолының көмегі арқасында Жәңгір хан бұл шайқаста жеңіске жетеді. Батыр қонтайшы шегінуге мәжбүр болады. Жеңіліске ұшыраған жоңғарлар бұл ұрыста он мыңға жуық адамынан айырылады. Сақталып қалған тарихи мәліметтер бойынша, бұл шайқаста Жәңгір хан зор қолбасшылық дарын мен әскери шеберлік таныта білген.

Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресте моғолдар жағынан көмек алу үшін біраз әрекет етті. Олармен тату көршілік қарым-қатынас орнату үшін екі рет елші жіберді. Бұл дипломатиялық тапсырма Жәңгір ханның ұлдары Тәуке мен Апақ сұлтандарға жүктелді.

1643-1644 жылдардағы шайқаста толық жеңілмеген жоңғарлар болашақта болатын соғысқа мұқият дайындала бастады. Жоңғар қонтайшысы 1643-1644 жылдардағы жеңілістен кейін бытыраған иеліктерін біріктіріп, Сібірдегі орыс қалаларынан қару-жарақтар және оқ-дәрілер сатып алады. 1652 жылы қазақтар мен жоңғарлар арасындағы үшінші ірі шайқаста қазақ әскерлері жеңіліске ұшырап, Жәңгір хан қаза табады.

Реклама