юююНұрлан АТЫҒАЕВ,  тарих ғылымының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары:

Қазақ хандығы 1465 жылдың қазанында құрылған

– Тарих және этнология институты Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау туралы ұсыныс жасағанын білеміз. Көзделген мақсат не?

– 2015 жылдың күзінде Керей мен Жәнібектің қазақ халқының дербес мемлекеттік бірлестігін – Қазақ хандығын құрғандығына 550 жыл толады. Осыған орай біздің институт бұл датаны мерейтойлық даталар тізіміне қосу және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған іс-шаралар өткізу туралы бастама көтерген болатын. Біздің байламымыз бойынша, Қазақ хандығының құрылған сәтін атап өту қазақстандық мемлекеттіліктің және отаншылдықтың нығаюына септігін тигізуі тиіс.

Қазақстан – біздің аумағымызда дәуірлеп өткен сақ, үйсін, ғұн және басқа да этникалық қоғамдастықтар мен мемлекеттік құрылымдардың мұрагері. Аталған мемлекеттік құрылымдардың бәрі де қазақ мемлекеттілігінің тарихының бастауы екені даусыз. Қазақтар мен осы ұлы ата-бабаларымыздың арасындағы тарихи байланыс туралы Елбасы Н.Назарбаев «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сыр-сұхбатында жақсы айтып кеткен еді.

– Қазақ хандығының құрылу  уақыты нақты қай кезге тура келеді?

– Қазіргі тарихшылардың басым бөлігі қазақ хандығының құрылу уақыты ретінде 1465 жылдың тамызы мен 1466 жылдың тамызы аралығын қарастырады. Жалпы, Қазақ хандығының дүниеге келуі туралы нақтылы дата жалғыз бір тарихи дереккөзде айтылған. Яғни, Мырза Мұхаммад Хайдардың «Тарих-и Рашиди» атты атақты еңбегінде Керей мен Жәнібек билігі Хижраның 870 жылы басталды делінген. Бұл құнды дерекке сенбеуге негіз жоқ. Хижраның 870 жылы заманауи күнтізбе бойынша 1465 жылдың 24 тамызында басталып, 1466 жылдың 11 тамызында аяқталады.

Ата-бабамыздың дәстүріне сәйкес, хандар сайланатын ұлы құрылтайлар күз ортасында өтетін болған. Ендеше, Керей сұлтанның таққа отыруы, тиісінше, Қазақ хандығының құрылуы 1465 жылдың қазанына келеді деу қисынды көрінеді.

images (1)

юТұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

Қазақ мемлекеттілігі байырғы заманалардан бастау алады

– Қазақ хандығының тарихын қазақ мемлекеттілігінің тарихы деп жүргендер бар. Бұл қисынға сия ма?

– Қазақ хандығы мен Қазақ мемлекеттілігі – екеуі екі басқа ұғым. Қазақ хандығы қазақ мемлекеттілігінің аясына кіреді немесе оның белгілі бір кезеңі деп түсінген жөн. Іс жүзінде Қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүр тым ерте кезден бастау алады. Археологиялық деректер Қазақ жерінде бұдан бір миллион жыл бұрын адамзат мекендегенін дәлелдесе, осындағы мемлекеттілік дәстүр тек екі жарым мың жылды құрайды. Уақыт кеңістігінен қарағанда бұл – өте аз уақыт. Бірақ бір нәрсені ұмытпағанымыз жөн, ол бізді айнала қоршаған өркениеттер. Олардың сенімді жазба тарихы ары кетсе үш мың жылды құрайды. Ал қазақ жеріндегі алғашқы мемлекеттер туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы VI-V ғасырлардан басталады. Мемлекеттілікке байланысты ең алғашқы дерек ретінде сақтардың үш бөлігі, қазақша айтқанда «үш жүзі» туралы мәлімет берген Парсы патшасы Дарийдің жазбаларын атауға болады.

– Сонда қазақтағы үш жүз туралы әңгіме Дарий патша заманында-ақ болған ба?

– Солай деуге болады. Ең басты мәселе, қазақ ұғымындағы «жүз» – санды емес, жердің тегіс бетін меңзейді, яғни, «үш бөлік» деген сөз. Бұл Қазақ хандығындағы территорияны үш жүзге бөлудің терең тарихи негізге ие екенін көрсетеді.

Мейлі, қалай десек те, сақтардың біздің жерімізде мемлекет құрғаны, мемлекет құра отырып күшті жауға төтеп бергені айдай ақиқат. Бізде бұл жағы әлі толық зерттелмей келе жатыр. Бір ғана сақтардың Парсы патшалары Кир мен Дарийдің, македониялық Ескендірдің жорықтарына пәрменді тойтарыс беруі оларда ертеден келе жатқан елдік дәстүрдің отаншылдық сезімнің болғандығын күшті дәйектейді. Елі, Отаны жоқ халық ондай болар ма еді?! Ит көзі түтін танымас болса, оларды әркім-ақ қалпақпен қағып ала берер еді. Бұл – ойланатын мәселе. Даламыздағы осынау елдік, ерлік дәстүрді кейін Алып Ер Тоңа жалғастырып, Түркі заманына жеткізді. Осы аралықта ежелгі Үйсін, Ғұн мемлекеттері салтанат құрды.

Қайсы бірін айтамыз, жалпы алғанда, байырғы Қазақ жерін шығысынан Қытай өркениеті, оңтүстігінен Тарым өркениеті, түстік-батыс жағынан ортаазиялық Қосөзен (Мауреннахр) өркениеттері қоршап жатты. Оның үстіне, «Ұлы жібек жолы» арқылы Шығыс пен Батыс мәдениетінің және оңтүстіктегі үнді-ариандық мәдениеттің әсерінде тұрып, дүниежүзінің ең озық идеялары мен мемлекеттілік тәжірибелерін бойына сіңірді. Сол арқылы көшпенді өркениет пен отырықшы өркениеттің, Батыс пен Шығыс өркениеттерінің тоғысқан тұсында жаңаша тұрмыс салты қалыптасты. Мұндай жерде мемлекет болмады дегенге қалай ауыз барады? Тарих көшімен өзіміздің талайлаған көшпенді, жартылай көшпенді мемлекеттеріміз өтіп кетті. Олардың тарихын бізден ешкім тартып ала алмайды. Өйткені, олардың бәрі қазіргі Қазақстанның аумағында байырғы қазақ даласында құрылды. Ендеше, 1565 жылды біздің жерімізде мемлекеттілік дәстүрдің әбден пісіп-жетіліп, жаңаша даму кезеңіне қадам басқан уақыты деп түсінген жөн.

Әрине, Қазақ хандығының құрылуы кеңбайтақ жерімізде сан ғасырлар бойы әртүрлі атпен аталып әрі мемлекет құрып келген этникалық құрамдардың «қазақ» деген ортақ атаумен тарих сахнасына шығуы еді. Сол үшін бұл кезең біздің тарихымыз үшін өте маңызды. Тарихи тұрғыдан бұл қазақ мемлекеттілігінің жаңаша сапалық деңгейге көтерілуі болды.

– Осы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту не үшін керек? Оның маңызы, нәтижесі, ықпалы қандай болуы мүмкін?

– Бұл іс-шараны өткізудің қажеттілігіне және оның маңызына келсек, 550 жыл, әрине, бір кідіріп, алды-артымызға зер салатындай уақыт екен. Егер 1822 жылдан бастап есептесек, аталған 550 жылдың 170 жылға жақын уақыты біз үшін бодандықта өткен уақыт екен. 1465 жылдан 1758 жылға дейінгі 290 жылдық кезең «құба қалмақ заманында» ел қорғаумен өтіпті. 1758-1822 жылдар аралығы қайтсек аман қаламыз деген жанталаспен өтіпті. Ескі жаудың орнына одан да айлалы, одан да тегеурінді жаңа қарсыластар пайда болыпты. Сол қарсаңда ғой, Абылайдың Әмірсананы өз дәргейінде паналатып жүргені. Демек, бұл кез екеуінің басына да уайым түскен еді. Қос бүйірден қысқан айдаһар мен аюдың алдында олар бұрынғы араздықты ұмытып, бірігіп кетуге дайын тұрды. Бірақ сырттағылардың аяқ алысы тез еді. Осы орайда, біз қит етсе,  монғолдарды жау етіп көрсетуден сақтануымыз керек. Тарихта біздің одан да бетер жауларымыз болған. Қазақ даласы неліктен отарлық кепке түсті? Қалай түсті? Және алдыңғы буын оған қарсы қалай күресті? Мұны жас ұрпақ білуі керек. Тарих алдында біз жас ұрпақтан ештеңені жасырмағанымыз жөн. Өйтпесек, олар тек монғол туралы ғана ойлайды, қиялында тек монғолмен ғана соғысады. Яғни, монғолдар ғана біздің қарымды қарсыласымыз деп ойлауы мүмкін.

Өз басым, егер ұтқыр идеялар мен іскерлік шебер үйлесім тапқан жағдайда, бұл іс-шараның былайғы жұртқа берері мол деп ойлаймын. Ол біздің жастардың патриоттық рухын оятып, тарихи танымын тереңдетуге қызмет етеді. Осы іс-шара кезінде халық өз тарихына үңіледі, ізденеді, ойланады. Бірақ, оның тек ойын-сауық деңгейінде, кәдімгі үйреншікті тәсілдермен өте шығуын қаламаймын. Мемлекет қаржысы бастықтар мен әртістерді күтуге жұмсалмай, ұрпаққа қалатындай игілікті істер атқарылса деймін. Кинофильмдер, аннимациялық сериалдар түсіріліп, хандар аллеясы құрылса немесе хандар рухына арналып бірнеше тілде мәңгітастар, ескерткіштер орнатылса, іргелі зерттеулер мен оқулықтарға конкурс жарияланса. Қазақ халқының ұлт-азаттығы жолында бақи кешкен Алаш арыстарының аттары ардақталып, мүсіндері сомдалса… Өйткені, ғасыр басында сол арыстарымыз бұрынғының жолымен жаңғырған,  жаңаша мемлекет құрсақ деген ұлы мұратқа ден қойды емес пе?!

Ең бастысы, көпірме көп сөзділікке, той тойлауға елікпей, ізі қалар өнегелі іс атқарсақ деймін. Бұл орайда, жер-жерде конференциялардың көп болатыны белгілі. Бірақ сол конференциялардың санынан көрі сапасына ден қоятын уақыт жетті.

images (1)

ююТұрсын Жұртбай, филология ғылымының докторы, жазушы:

Абыройымыз асатын, айналаны мысымыз басатын шақ осы

– Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі отыр екенбіз, бұл – ұлы мүмкіндік. Мұқым көшпелілер әлемі өркениетінің мысы мен бәсі екшеленетін тұс. Біздің мемлекеттігіміздің бары мен жоғы, тіпті, нақтылап айтсам, мемлекетіміз болды ма, жоқ па – соны асқақтата көтеріп, көршіміздің рухы іштен тынып, өзіміздің мысымыз өзгелердің иығынан жоғары көтерілетін шақ та осы. Бүгін қазақ мемлекетінің тарихы мен айбынын қалай ұлықтай аламыз, ұлтымыздың бүгіні ғана емес, ертеңі де соған тікелей байланысты. Бұл салтанаттан Ұлы Тұранның, Көк Түрік қағанатының, озан Оғыздың, тым берісі: Алтын Орданың империялық өктем қайраты аспан астында жаңғырып, Қалқа мен Куликов шайқасын өшіріп тастауы тиіс. Аталған шарада кешегі ұлы даланы тебірентіп, Кир мен Дарийді тітірендірген, Еуропаға құдайдың қылышын сермеген Ишбақай, Тұмар, Сыпытай, Шырақ, Тоныкөк, Күлтегін, Сүбедей, Кетбұға һәм ел қамын жеген Едігенің дауысы жер ортасы Ұлытаудың биігінен жер мен көкке атой салып тұруы қажет. Сонда ғана Қазақ хандығы мен мемлекеті Киев ұлысынан бөлінген Ресей, Визаннан бөлінген Грек, Рим сияқты Алтын Орданың заңды бір тұтқасы ретінде еңсесін тіктеп көтеретін болады. Мақсатқа да айқын жетеміз. Ешкім басынбайды.

– Бұл мерейтойда қандай ұран ұстанып, қандай рухпен өткізу керек? 

– Ұран: біз Едігенің жар салып бас қосқан, Алтын Орданың жығылған туын қайта көтеріп, Қазақ Ордасын құрған мемлекетпіз деген рухта өтуі  керек. Бұның өтетін орнын Ұлытау ма, Астана ма, Шу ма, ана бұлақтың басы, мына бұлақтың аяғы деп ру таратқандай бөліп, ұсақтап жіберсек, қазақ мемлекетінің абыройын асырып емес, жасытып тынамыз. Менің ойымша, қазақтың арғы-бергі дәуіріндегі бірлік таңбасы салынған Ұлытауға аспанмен тілдескен Едігенің ескерткішін орнатып, тойды қағанат басы, ұлысбасы Жошының мавзолейі тұрған алқапта өткізуіміз қажет еді. Сонда Керей мен Жәнібекті көзге ілмейтіндер, Едігені, Шыңғысхан мен Жошыны жоққа шығара алмайды. Оған тарихи дәлел  де,  дерек те  жеткілікті. Бұл сөзімізге Жошының мавзолейі, Едіге шоқысы, Темірланның жазуы, Аяққорған шаһары, хандық құрғандағы және Ақтабан шұбырынды кезіндегі таңбалы тастар заттай айғақ. Осындай кең кеңістікке құлаш ұрған атой ғана, кешегі, бүгінгі және ертеңгі еліміздің абыройын киелендіреді. Ал ұсақ-түйекпен, кәкір-шүкірмен, күңкіл-шүңкілмен өткізсек, қазақ рухын жат пиғылдардың алдында тағы да бір тізерлеткеніміз болады. Тулақша тартқылап, пұшпақтағанша, ызамыз ішімізде тынған күйі атамай өткеніміздің өзі жақсы. Менің ұстанымым – осы.

Бөлінетін емес, біріктіретін ұмтылыс қажет. Дүбірлі шарадан бір рух, бір дем, бір тынысты күтеміз.

images (1)

яЖамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарих ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры:

Астана маңында да тарихи ескерткіштер аз емес

– Қазақстанның тарих ғылымы тәуелсіздік алғаннан кейін үлкен мүмкіндіктерге ие болды, ел тарихының аз зерттелген, шынайы бағасы берілмеген немесе ғалымдар назарынан тыс қалған мәселелерін талдауға  қадам басты.  Бұл, бір жағынан, ауыр, екіншіден, ел мүддесі үшін қажетті шаруа еді. Қазіргі күні оның да кемшін тұстары мен жетістіктері айқындалып қалды.

Әлі күнге шешімін таппаған мәселенің бірі – қазақ мемлекеттігінің тарихы. Осы тұрғыдан келгенде, келер жылы атап өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы елдің іс басындағы азаматтарына ғана емес, жалпы зиялы қауымға, сонымен бірге тарихшы ғалымдарға үлкен міндет жүктейді.

– Қазір Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту шаралары белгіленіп жатыр. Сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Біріншіден, мемлекеттік маңызы бар іс-жоспарлар жобасында мемлекетіміздің орталығы – Астана қаласы сырт қалғаны бірден көрінеді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Назарбаев университеті» жауапты бірді-екілі конференция болмаса, жұртты елең еткізер шаралар белгілемеген. Конференция да, көрмелер де қоғамға қажетті серпін бере қоймайды. Сондықтан Астана төрінде өтетін іс-шаралар ауқымын Әз Тәуке ханның жазғы ордасын зерттеп, оны жұртқа таныстырумен байыту керек деп есептейміз. Әз Тәуке ханның жазғы ордасы Астана қаласының іргесінде, Күйгенжар ауылының шекарасында орналасқан. Бұл ескерткіш  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 2012 жылғы жазғы зерттеу жұмыстары кезінде табылды және зерттеудің кейбір нәтижелері «Астана ақшамы» газетінде жарық көрді.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасын зерттеуге көп қаражат кетпейді. Еуразия ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасы осы істі аяғына дейін жеткізуге мүдделі. Мерейтой қарсаңында осы кафедра ғалымдары арнайы қолдау болған жағдайда «Әз Тәуке хан ордасы» атты кешенді зерттеулерін жеке кітап түрінде жариялап, көпшілік қауымға ұсынар еді.

Екіншіден, Астана қаласының маңында Қазақ хандығы дәуіріне қатысты Әз Тәуке ханның жазғы ордасынан басқа да ескерткіштер аз емес. Олардың ішінде Есіл өзені бойында Алтын орда мен Ақ орданы қатар билеген Ормамбет (Орыс) хан ордасы, Нұра өзені бойында Тайтөбе қарауыл бекеті сияқты ескерткіштер бар. Бұл ескерткішер тек біздің анықтағанымыз ғана, ал анықталмағаны қанша?! Соңғы жылдары біз бұл тақырыптарды баспасөз бетінде біраз көтердік, Астана қаласының әкімшілігіне де ұсыныстарымызды жазып, жеткіздік. Осы мерейтойдың алдында ескерткіштерді арнайы зерттеп, олардың тарихи  маңызы туралы мәлімет беретін  тақтайша орнатсақ дұрыс болар еді.

Үшіншіден, Қазақ хандығының құрылуы оңай болмағаны тарихи деректерден белгілі. Әбілқайырдан бөлініп шыққан қазақ рулары ең алдымен Бетпақдалаға қарай жылжып, сонда Таңбалы Нұра деген жерде бас қосады. Осыны зерттеу біздің міндетіміз деп есептеймін. Сондай-ақ, Бетпақдалада орналасқан, қазақтың мемлекет, ел болу тарихына алтын әріппен жазылған, ертеде ел басшылары мен көсемдері келіп тәу ететін Таңбалы тасқа назар аударуымыз қажет. Оның бетінде қазақ руларының  таңбалары, қазаққа дейін Орталық Азияны мекен еткен көне түркі тайпаларының ізі, жазулары сайрап жатыр. Бетпақдаладағы Таңбалы тастың қадыры Сарыарқадағы – Ұлытау, Жетісудағы – Қозыбасы-Шу, Атыраудағы Сарайшық сияқты қасиетті мекендерден бір де кем емес.

Таңбалы тас ескерткішінің көне заман мұрағаты екені айрықша сезілетін аңыз М.Көпейұлы шежіресінде бар: «Бетпақдалада «Таңбалы шұбар» деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса, сол тастан барып қарасады. Алаша ханның тұсында басылған таңба деседі». Ә.Марғұлан жазуына қарағанда, Таңбалы таста «Қазақтардың қария сөздері бойынша ислам дәуірі басталатын кезде көп тайпалар осы арада бас қосып, ұлы мереке жасаған. Барлық тайпалардың ұлыс басқаратын адамдары, атақты билері, асқан ерлері жиналып, кеңес құрып, қай тайпа қай жерді қоныс ету мәселесін шешкен. Әрбір тайпаның өзіне арнап таңба беріп, ол таңбаның суретін осы тасқа жазып түсірген. Таңбалы тастың ұлы атаққа ие болуының себебі бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған екен».

Әсіресе, академик Қ.Сәтпаев аңыздарға сүйеніп, қазақтың қазақ болған, ту тіккен жері осы Таңбалы тас өңірі екенін атап көрсетеді: «Народное предание гласит, что именно здесь, у ключа Тасбулак, происходило первое историческое совещание родов об организации новой народности «казах», решение которого будто бы зафиксировано на утесе родовыми знаками всех племен, участвовавших в совещании. Тот факт, что основной костяк новых обитателей казахской степи происходил с юга, т.е. из пределов Великого Могола, свидетельствует о некоторой исторической достоверности этого предания».

Көнекөз, кәріқұлақ ақсақалдар әлі күнге дейін Таңбалы тасты осы Қ.Сәтпаев жазған мазмұнда айтып келеді. Олардың айтуына қарағанда,  Алтын Орда ыдырап, оның құрамындағы елдер сергелдең жағдайда жүргенде алты алаш тобына кіретін елдер осы Таңбалы Нұрада бас қосып, өздерінің жеке мемлекет құратынын жария еткен.

Осыған орай, қыркүйек айында Тараз жерінде өтетін негізгі мерекелік іс-шаралардың алдында Астана-Ұлытау-Таңбалы тас-Түркістан-Тараз маршрутымен арнаулы «Хан жолы» атты ғылыми-зерттеу экспедициясын шығаруды жөн деп санаймыз. Бұл шаруаны ұйымдастырып, нәтижелі болуына  қолымыздан келгенше жәрдем беруге тырысамыз.

Реклама